2026 жылдың сәуір айы жаңашылдықтарға толы. Мобильді аударымдарды тексеруден бастап, жанармай бағасы мен мемлекеттік қызмет алу тәртібіне дейінгі бірқатар өзгерістер күшіне енеді. Juzmedia.kz тілшісі алдағы айдың басты жаңалықтарын саралап көрді.
1. Мобильді аударымдар: Кімдер салықшылардың назарына ілігеді?
15 сәуірге дейін банктер қазақстандықтардың бірінші тоқсандағы аударымдары туралы алғашқы деректерді салық органдарына береді. Алайда, бұл жаппай тексеру деген сөз емес. Салықшылар тек мына екі шарт қатар орындалғанда ғана тексеру жүргізуі мүмкін; егер бір адам үш ай қатарынан ай сайын 100-ден астам әртүрлі тұлғадан ақша түссе, осы кезеңде түскен жалпы сома 1 020 000 теңгеден асса. Егер бұл шарттардың бірі орындалмаса, аударымдарыңызға ешкім тиіспейді. Мемлекеттік кірістер комитеті жеке мақсаттағы (туыстар арасындағы) аударымдарды кез келген уақытта дәлелдеуге болатынын айтып, халықты сабырға шақырды.
1 сәуірден бастап АИ-92 бензиніне, дизель отынына және коммуналдық тарифтерге қойылған мораторийдің мерзімі бітеді. Бұл шектеу өткен жылдың күзінен бері жұмыс істеп келген болатын. Енді екінші тоқсаннан бастап нарықтағы баға мен тарифтердің өзгеруіне жол ашылды. Үкімет бұл процесті нарыққа сай әрі теңгерімді реттейтінін айтып отыр.
Мемлекеттік жұмысқа орналасу енді бұрынғыдан да ашық болмақ. 1 сәуірден бастап конкурс eqyzmet порталы арқылы толықтай цифрлық форматқа көшеді. Іріктеу мерзімі 5-7 жұмыс күніне дейін қысқарып, кезеңдер саны азайды.
Орындаушылар үшін: Логиканы, эмоционалдық (EQ) және әлеуметтік (SQ) интеллектті бағалайтын психометриялық тесттер енгізіледі.
Басшылар үшін: Эссе жазу және сұхбаттасу міндетті.
Сәуірден бастап мерзімі өткен жүргізуші куәлігін eGov.kz немесе eGov Mobile арқылы ауыстыруға болады. Бұрын бұл қызмет тек құжаты әлі жарамды жандарға ғана қолжетімді еді.
Маңызды: Егер куәліктің мерзімі өтіп кетсе, медициналық тексерістен өту міндетті. Дәрігерлердің қорытындысы базаға түскен соң, құжатты небары 60 минутта жаңартуға болады.
Қару айналымына қатысты заңнамалық өзгерістер де күшіне енді. Енді азаматтық және қызметтік қару иелері міндетті түрде оқ ату сынағынан өтуі тиіс. Егер белгіленген мерзім бұзылса, Ішкі істер министрлігі қару ұстауға берілген рұқсат қағазын бірден тоқтата алады.
Сәуірден бастап 30 маусымға дейін кейбір тауарлардың ең төменгі баға деңгейі белгіленді:
Жұмыртқа: данасы 41 теңгеден бастап;
Картоп: 90 тг/кг;
Ұн мен алма: 175 теңгеден;
Күнбағыс майы: 451 тг/литр.
Бұл бағалар маусымдық өзгерістерге байланысты әр тоқсан сайын қайта қаралып отырады.
25 сәуірден бастап сыра өндірушілер мен импорттаушылар өнімге міндетті түрде цифрлы таңба (код) басуы тиіс. Бұл жүйе арқылы тауардың қайда шыққаны мен сипаттамасы туралы барлық мәліметті білуге болады. Ескі (таңбаланбаған) өнімдерді бір жыл ішінде сатып тауысуға рұқсат.
Астана әуежайы: 15 сәуір мен 31 мамыр аралығында ұшу-қону жолағы жөнделеді. Әуежай күн сайын сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін жабық болады. Рейстер кестесін алдын ала тексеріңіз.
Жаңа пойыз: 9 сәуірден бастап «Астана – Талдықорған» бағытында тікелей қатынайтын вагондар іске қосылады. Пойыз күнара жүреді.