Алматыдағы «Бағанашыл» балалар үйінің маңындағы жұртшылық тағы да алаңдаулы. Тұрғындар мекеме аумағындағы ғимараттардың сүріліп, кейбірінің терезелері ойылып жатқанын байқаған. Бұл жағдайға қатысты қала әкімдігі түсініктеме берді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбалардан балалар үйінің негізгі нысандары бұзылып жатқанын көруге болады. Куәгерлердің айтуынша, шыршалар жанындағы бір ғимарат жермен-жексен болса, енді бірінің есік-терезесі түгел алынған.
Алматы қалалық Білім басқармасы бұл жұмыстардың алдын ала бекітілген жоспар бойынша жүріп жатқанын жеткізді. Мәліметке сүйенсек, 2025 жылғы 13 қазанда «Integra Construction» ЖШС мен Құрылыс басқармасы арасында жаңа нысанды жобалау туралы келісім жасалған.
«Техникалық тексеру қорытындысы бойынша, әкімшілік және оқу корпустары, спорт және акт залдары сейсмикалық нығайтуға жарамсыз деп танылды. Сондықтан бұл нысандарды сүру туралы шешім шығарылды», — деп хабарлады ведомстводан.
Жоспар бойынша, жатын корпус қайта жаңғыртылып, орнына жаңа оқу және спорт кешендері, заманауи асхана бой көтермек. Құрылыс жұмыстары осы жылдың төртінші тоқсанында аяқталуы тиіс.
Балалар қайда?
Әкімдік тәрбиеленушілердің Алматыда қалғанын айтып сендірді. Олар өткен жылдың тамыз айынан бері «Арнайы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығына» уақытша орналастырылған. Құрылыс біткенше балалар сол жерде болады.
Даудың басы — Бағанашыл
Еске сала кетейік, бұл мекеменің төңірегіндегі дау бір жылдан бері басылмай тұр. 2025 жылғы наурызда балаларды Қонаев қаласына көшіру туралы шешім шығып, оған тәрбиеленушілер мен белсенділер жаппай қарсылық білдірген еді. Тіпті, «Бағанашылдағы қымбат жерге құрылыс алпауыттарының көзі түсті» деген де қауесет тараған.
Шілде айындағы мәжбүрлеп көшіру әрекеті шуға ұласып, балалардың денсаулығы сыр беріп, оқиға орнына жедел жәрдем мен полиция шақыртылған болатын. Тек Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың араласуынан кейін ғана көшіру туралы шешімнің күші жойылып, кінәлі шенеуніктер қызметінен кетті.
Қазіргі құрылыс жұмыстары Президент тапсырмасының жалғасы. Мақсат балаларды қаладан шығармай, олардың қауіпсіз әрі заманауи ғимаратта тұруын қамтамасыз ету.