Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында болған атышулы жол апатына қатысты тың деректер шықты. Күдікті тараптың татуласу туралы ұсынысын қаза тапқан жүргізушінің отбасы қабылдамады, деп хабарлайды Juzmedia.kz «31 арнаға» сілтеме жасап.
Зардап шеккен тараптың (Mercedes жүргізушісінің туыстары) мүддесін қорғайтын адвокат Олег Чернов тергеу аясында бірқатар маңызды құжаттар алдыртуды жоспарлап отыр.
Zeekr жүргізушісінің оқиға алдында ішімдік сатып алғанын дәлелдеу үшін оның банк картасынан жасалған төлемдер тексерілмек. Нақтырақ айтқанда, «У Афанасича» ресторанынан чектер мен бейнежазбалар талап етіледі. Қазіргі таңда аталған мекемеде камералар жұмыс істемей тұрғаны немесе жазба сақталмағаны туралы ақпарат бар. Күдіктінің қайғылы оқиға күні кімдермен сөйлескені де анықталады.
Адвокаттың айтуынша, айыпталушы тарап марқұм 29 жастағы Еламанның туыстарына келісімге келуді ұсынған. Алайда отбасы бұл ұсыныстан бірден түбегейлі бас тартқан. Марқұмның артында алты жасар баласы қалды.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Zeekr жүргізушісі апат кезінде аздап мас күйде болған. Қазіргі уақытта ол ауруханада жатыр, бірақ жақын арада тергеу изоляторына ауыстырылады.
Бұл іс Ішкі істер органдарындағы үлкен ауыс-түйіске себеп болды. Полиция департаменті басшыларының бірінің жүргізушісіне қатысты «әрекетсіздік» фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алматы қалалық ПД бастығының орынбасарын, сондай-ақ әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшыларын қызметінен босатты.
Еске сала кетейік, 21 наурыз күні Zeekr автокөлігі қарсы бетке шығып кетіп, Mercedes-пен соқтығысқан болатын. Жылдамдықты шектен тыс асырудың салдарынан үш адам — Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушы қаза тапты.