Алматы полициясы желіде Әділетхан Молдахан есімімен танымал заңгер әрі блогерді ұстады. Инстаграмда миллионнан астам оқырманы бар ол құқық қорғау органдарына қатысты даулы мәлімдемеден кейін уақытша ұстау изоляторына жабылды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Даудың басы Әл-Фараби даңғылындағы үш адамның өмірін қиған қайғылы жол апатынан басталды. Молдахан бұл оқиғаға қатысты өз нұсқасын ұсынып, полиция қызметкерлеріне қатысты ауыр айыптаулар айтылған видео жариялаған. Видео желіде тез тарап, 7 миллион рет көрілген. 30 наурыз күні блогер тікелей эфирге шығып, апаттан зардап шеккен тараптың мүддесін қорғайтынын айтқан.
Алматы қалалық полиция департаменті заңгерге қатысты «жалған ақпарат тарату» фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Қазіргі уақытта ол изоляторға қамалды. Бүгін тергеу органдары оған қатысты бұлтартпау шарасын таңдау үшін сотқа жүгінбек.
Айта кетерлігі, Әділетхан Молдахан бұрын ішкі істер органдарында патрульдік полиция қызметкері болып жұмыс істеген. Алайда оның өткені бүгінгі жағдайды қиындатуы мүмкін, өйткені 2023 жылы ол «Тонау» бабы бойынша кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілген. Сол уақытта полиция қызметінен босатылған еді.
Молдахан желіде айыппұлдарды даулау және полицейлермен сөйлесу әдебі туралы роликтерімен танымал. Тергеу барысы алдағы уақытта белгілі болады.