homepage
Фото: Kyodo

Жапония қазақтың мұнайына "құда түспек"

30.03.2026, 17:24

Жапонияның ірі INPEX мұнай-газ компаниясы Таяу Шығыстағы ахуалға байланысты Қазақстаннан мұнай жеткізу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл туралы Juzmedia.kz Yomiuri басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қазіргі уақытта Жапония импорттайтын мұнайдың 90%-дан астамы Таяу Шығыс елдерінен келеді. Алайда Ормуз бұғазындағы тұрақсыздық пен геосаяси қақтығыстар Жапонияны энергия көздерін әртараптандыруға мәжбүр етіп отыр. INPEX компаниясы Қазақстандағы Қашаған (тәулігіне 430 000 баррель) және Әзірбайжандағы АCG (тәулігіне 350 000 баррель) кен орындарындағы үлеске ие. Каспий қайраңында өндірілетін мұнай құрамы жағынан Таяу Шығыс шикізатына ұқсас, бұл жапон зауыттары үшін тиімді.

Мұнай тасымалы Қызыл теңіз бен Жерорта теңізі арқылы немесе Африкадағы Қайырлы үміт мүйісін айналып өту арқылы жүзеге асуы мүмкін. Жаңа маршрутпен жеткізу 25 күннен 55 күнге дейін созылады. Бұл Таяу Шығыстан келетін бағыттан (20 күн) екі есе ұзақ, сәйкесінше тасымал шығындарының артуына әкелуі мүмкін.

Сонымен қатар, Жапония үкіметі Оңтүстік Америка мен АҚШ-тан келетін импорт көлемін ұлғайту жолдарын іздеп жатыр. 16 наурыздан бастап Жапония Таяу Шығыстағы қақтығыстар салдарынан жанармай бағасының өсуін болдырмау үшін өз мұнай резервтерін пайдалануды бастаған.