homepage
Фото: ашық дереккөзден

"Airan медиа" жұмысын тоқтатты

30.03.2026, 17:02

Қазақстандағы танымал қоғамдық-саяси YouTube-жоба Airan өз қызметін тоқтататынын ресми түрде мәлімдеді. Бұл туралы редакция Telegram-арнасында жазды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Редакцияның мәліметінше, арнадағы белсенділік 13 наурыздан бастап бәсеңдеген. Соңғы екі апта бойы жоба жетекшілері туындаған қиындықтарды шешуге тырысқанымен, нәтиже болмаған.

"Өкінішке қарай, қазіргі қалыптасқан жағдайда әрі қарай жұмыс істей алмаймыз. Біз таңдаған принциптермен жүру қазір мүмкін болмай қалды. Әлемдегі және елдегі жағдайға көз жұмып қарай алмаймыз", – делінген редакция хабарламасында.

Жобаның бас редакторы Дәурен Меркеев соңғы шығарылымда бұл шешімді тең құрылтайшы Маржан Елшібаевамен бірлесіп қабылдағанын айтты. Оның сөзінше, мемлекеттік органдар немесе күштік құрылымдар тарапынан ешқандай тікелей қысым болмаған.

Жоба жетекшілері жұмысты жалғастыруға мүмкіндік беретін келіссөздердің сәтсіз аяқталғанын меңзеді. “Airan” бренді уақытша тоқтайды, бірақ YouTube-арнадағы барлық видеолар өшірілмейді, қолжетімді болып қала береді. Жаңа форматтағы Airan-ды ашу жоспарда жоқ, алайда команда мүшелері журналистика саласындағы қызметін жалғастыра бермек. 

“Airan” жобасы Қазақстандағы және әлемдегі өзекті әлеуметтік-саяси мәселелерді талдаумен айналысып келді. Бүгінгі таңда жобаның орыс тілді арнасында 1,18 млн, ал қазақ тілді арнасында 118 мыңнан астам жазылушы бар.