Қызылорда қаласында үш көлік соқтығысып, бір адам қаза тапты. Тәуелсіздік пен Әлісов көшелерінің қиылысында болған апат салдарынан «ВАЗ 2104» автокөлігінің жүргізушісі оқиға орнында мерт болған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Әлеуметтік желіде тараған мәліметтерге сүйенсек, соққының қатты болғаны соншалық, жеңіл көлік ондаған метрге ұшып кеткен. Марқұмның қарындасының айтуынша, соқтығысу кезінде жүргізуші орындығымен бірге көліктен сыртқа ұшып кетіп, жол жиегіндегі темір қоршауға соғылған.
Марқұмның артында алты баласы қалды (оның екеуі асырап алынған). Жәбірленуші тарап апатқа «Lexus» автокөлігінің жүргізушісін кінәлайды, ол өте жоғары жылдамдықпен жүрген. Алайда, жүргізуші бостандықта жүр. Бұған марқұмның туыстары наразы, тергеудің әділ әрі жан-жақты жүргізілуін талап етіп отыр.
Қызылорда облыстық Полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын ғана хабарлады.