homepage
Фото: Түркістан облысы ТЖД

Келес өзеніне ағып кеткен 8 жасар бала 8-нші күн іздестіріліп жатыр

30.03.2026, 16:01

Түркістан облысының Келес ауданында 23 наурызда суға кеткен сегіз жастағы баланы іздестіру жұмыстары сегізінші күн қатарынан үзіліссіз жүріп жатыр. 2018 жылы туған бүлдіршін анасының көзінше абайсызда Келес өзеніне құлап кеткен, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Құтқару жұмыстарына Төтенше жағдайлар министрлігі, полиция, ҰҚК қызметкерлері, жергілікті әкімдік өкілдері, еріктілер мен баланың туыстары жұмылдырылды. Сүңгуірлер өзен табанының 900 метрін, ал беткі қабатының 15 шақырымын тексеріп шықты. Барлығы 8 жүзу құралы мен арнайы эхолот жабдығы қолданылды. 5 дрон арқылы Келес өзені мен Сырдария жағалауындағы 55 шақырым аумаққа мониторинг жасалды.

Мамандар Абай, Жүзімдік, Қызыләскер және Ғани Мұратбаев ауылдарының маңын, жалпы ұзындығы 42 шақырым болатын өзен арнасын ілмектер мен арқандар арқылы қарап жатыр.

Іздестіруді жеңілдету үшін 28 наурызда Қазығұрт ауданындағы шлюздер жабылды. Сондай-ақ, 29 наурызда көршілес Өзбекстанның «Зах» каналындағы су ағыны тоқтатылды. Бұл шаралар өзен деңгейін төмендетуге мүмкіндік бермек.

Қазірдің өзінде іздестіру-құтқару операциясы жалғасып жатыр.