Әлеуметтік желілер мен бейнехостингтерде «қазақстандықтардың зейнетақысынан 20 пайыз ұсталып қалады»деген қауесет тарап жатыр. Еңбек министрлігі бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Министрліктің хабарлауынша, белгісіз тұлғалар deepfake (жасанды интеллект арқылы бейнені өзгерту) технологиясын қолданып, зейнетақы төлемдері азаяды деген жалған бейнероликтер таратып жүр.
Ведомство 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы көлемі азаюдың орнына, керісінше өскенін еске салды. Инфляция деңгейіне сәйкес базалық және ынтымақты зейнетақы мөлшері 10 пайыз артты. Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2023 жылдан бастап 5 жыл бойы ең төменгі базалық зейнетақы күнкөріс деңгейінің 70 пайызына дейін, ал ең жоғарысы 120 пайызға дейін кезең-кезеңімен өсіп жатыр.
Қазір ең төменгі базалық зейнетақы 35 596 теңге (күнкөріс деңгейінің 70%-ы). ал ең жоғары базалық зейнетақы 60 005 теңге (күнкөріс деңгейінің 118%-ы).
Еңбек министрлігі азаматтарды тек ресми дереккөздерге сенуге шақырып, көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.