homepage
Фото: әлеуметтік желіде тараған сурет

Атырау облысында дрон бөлшегі табылды

30.03.2026, 15:00

Атырау облысында ұшқышсыз ұшатын аппараттың сынықтарына ұқсайтын заттар табылды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Мәліметтерге сүйенсек, 27 наурыз күні таңертең жергілікті тұрғын полицияға хабарласып, дронға ұқсас нысан тауып алғанын айтқан. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде тараған ақпарат бойынша, жанып жатқан зат Атырау қаласынан жеті шақырым жерден байқалған.

Сондай-ақ, таратылған хабарламаларда оқиға орнынан қозғалтқыш пен композиттік немесе көміртекті талшықтан жасалған зақымдалған бөлшектер табылғаны айтылады.

Атырау облыстық полиция департаменті күдікті заттардың табылғанын растады, бірақ нақты не екенін нақтыламады.

«Атырау облысының Полиция департаменті уәкілетті қызметтермен бірлесіп, ұшқышсыз ұшатын аппараттың сынықтарына ұқсайтын заттардың табылу фактісі бойынша тексеру шараларын жүргізіп жатыр. Нысан елді мекеннен тыс жерде табылды. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда», — деп хабарлады департамент өкілдері.

Еске сала кетейік, бірнеше күн бұрын мессенджерлерде Батыс Қазақстан облысында да дрон құлады деген ақпарат тараған болатын. Ол кезде табылған нысан туралы деректі өңірлік полиция департаменті растаған еді.