homepage
Фото: ашық дереккөзден

Желідегі пікір үшін жауап бересіз: прокуратура арандатушыларды қатаң бақылауға алды

30.03.2026, 14:31

Қазақстанның Бас прокуратурасы азаматтарды, әсіресе әлеуметтік желі пайдаланушыларын, заңнама талаптарын қатаң сақтауға шақырды. Соңғы уақытта интернет кеңістігінде Наурыз мерекесі мен ұлттық дәстүрлерге қатысты теріс пікір білдіру деректері жиілеп кеткен, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Ұлттық құндылықтарға нұқсан келтіретін мәлімдемелер ел Конституциясының қағидаларына қайшы келеді. Жалған ақпарат тарату (ҚК 274-бабы) және алауыздықты қоздыру (ҚК 174-бабы) бойынша қатаң жаза қарастырылған.

“Журналистер, блогерлер жалған діни көзқарастарды насихаттайтындарға сөз беру арқылы арандатушылық мәлімдемелердің таралуына ықпал етуі мүмкін екені атап өтілді”, – делінген Бас прокуратура хабарламасында.

Қазіргі уақытта Алматы облысында Наурыз мейрамын «мұсылман мерекесі емес» деп айыптап, діни араздық тудырған блогерге қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Қадағалау органы масс-медиа өкілдерін кәсіби этиканы сақтап, тек объективті ақпарат таратуға шақырады.