homepage
Фото: gov.kz

Ұлттық банк цифрлық теңгеге қатысты ескерту жасады

30.03.2026, 14:08

Қазақстанның Ұлттық банкі «цифрлық теңгеге инвестиция салу» туралы жалған хабарламалардың көбейгенін айтады. Алаяқтар мемлекеттік жобаны желеу етіп, азаматтарды алдаудың жаңа айласын ойлап тапқан деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Қазіргі уақытта әлеуметтік желілерде «цифрлық теңгеге ақша салып, қысқа мерзімде қомақты табыс табуға болады» деген жарнамалар белсенді таралып жүр. Қаскөйлер бұл жобаны Ұлттық банк қолдайтын «мемлекеттік инвестициялық бағдарлама» ретінде таныстырады.

Пайдаланушыларды фишингтік (жалған) сайттарға тартады. «Шектеулі ұсыныс» немесе «соңғы мүмкіндік» деп асықтырып, ақша салуға итермелейді. Жалған платформада «жеке кабинет» ашып, онда пайданың «өсіп жатқанын» көрсетіп, адамды қайта-қайта ақша салуға көндіреді. Нәтижесінде алаяқтар азаматтардың банктегі қаражатына қол жеткізеді.

Ұлттық банк цифрлық теңгенің инвестициялық құрал емес екенін ресми түрде растайды. Ол пайда табу үшін емес, тек төлем құралы ретінде жасалған.