Ресейдің Усть-Луга вахталық кентіндегі қақтығысқа қатысты Қазақстан азаматтары тергеліп жатыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz Қазақстан СІМ ресми мәліметіне сүйеніп.
Төбелеске жүздеген адам қатысқан. Ресми органдар оқиғадан ешкім зардап шекпегенін хабарлағанымен, кейбір куәгерлер екі қазақстандықтың ауыр жарақат алғанын айтып отыр. Үш Қазақстан азаматына қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр. Бірнеше отандасымыз 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынған. Қазақстанның Санкт-Петербургтегі Бас консулдығы ұсталғандармен кездесіп, қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр.
Қазіргі уақытта жағдай дипломаттардың бақылауында. Тергеу қорытындысы бойынша азаматтардың құқықтық мәртебесі нақтыланатын болады.
Еске сала кетейік, осы жылдың 26 наурызында Ресейдің Ленинград облысындағы Усть-Луга вахталық кентінде қазақстандық жұмысшылар мен жергілікті күзетшілер арасында ірі қақтығыс орын алған болатын. Әлеуметтік желілерде тараған видеоларда түнгі уақытта жиналған топтың ортасына жеңіл көліктің жоғары жылдамдықпен басып кіргені көрінеді.