homepage
Фото: ашық дереккөзден/көрнекі сурет

Шымкенттегі процедуралық кабинеттерден 4 адам қайтыс болған

29.03.2026, 15:28

Тексеру барысында Шымкент қаласындағы дәріханалар жанынан ашылған процедуралық кабинеттерде төрт адам көз жұмғаны анықталды. Қайғылы жағдайларға кабинеттердің төтенше жағдайларға дайын болмауы және науқастарға уақытында көмек көрсетілмеуі себеп болған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті құқық қорғау органдарымен бірлесіп, 13 жоспардан тыс тексеру жүргізді. Нәтижесінде 12 процедуралық кабинет жұмысын тоқтатты. 331 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы көлемі 41 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Одан бөлек лицензиясыз жұмыс істеу және психотроптық препараттарды заңсыз сату фактілері анықталды.

Бұл мәселе тек Шымкентте емес. Бұған дейін Екібастұз бен Жамбыл облысында да ұқсас оқиғалар тіркелген. Ресми мәлімет бойынша, елімізде 400-ге жуық заңсыз процедуралық кабинет анықталса, оның 200-ден астамы жабылған.

Заң бойынша процедуралық кабинеттерді тек күндізгі стационары бар емханалар немесе арнайы медициналық ұйымдар ғана ашуға құқылы. Пәтерлер мен дәріхана ішіндегі өз бетінше ашылған кабинеттер ем қабылдау үшін қауіпті деп ескертеді мамандар.