Түркістан полицейлері түнде көшедегі бейнебақылау камераларын таяқпен ұрып сындырған екі жас жігітті құрықтады. Бұл туралы облыстық Полиция департаменті жазды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Оқиға түнгі сағат 01:00 шамасында болған. Бетперде киген күдіктілер қаладағы 4 бірдей камераны жарамсыз етіп тастаған. Келтірілген материалдық шығын 700 мың теңгеден асады.
Ұсталғандар өз іс-әрекеттерін жол ережесін бұзғаны үшін салынған айыппұлдарға наразылығымен түсіндірді. Тәртіп сақшылары өзге камералардың жазбасын зерттей отырып, қаскөйлердің бағытын анықтаған. Қазіргі уақытта «Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
Полиция қоғамдық мүлікті бүлдіру жауапкершілікке әкеп соғатынын және дәл осы бейнебақылау жүйелері қылмысты жылдам ашуға көмектесетінін еске салды.