Қазақстан сыртқы істер министрлігі Ресейдің Ленинград облысында болған жанжалға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Министрліктің ресми өкілі Ерлан Жетібаевтың сөзінше, 26 наурызда Ленинград облысының Усть-Луга вахталық ауылында болған “тұрмыстық сипаттағы оқиғаға Қазақстан азаматтары да қатысқан”. Жанжалға қатысушылар ұсталған.
“Қолдағы мәліметке сәйкес, Қазақстан азаматтары арасында ауыр жарақат алған немесе ауруханаға жатуды қажет ететін тұлғалар жоқ. Оқиға орнындағы жағдай тұрақты және тиісті қызметтердің бақылауында”- деді Ерлан Жетібаев.
Оның айтуынша, Қазақстанның Ресейдегі бас консулы оқиға орнына барып, "Қазақстан азаматтарына қажетті консулдық-құқықтық қолдау көрсетіп, барлық жағдайды нақтылап отыр".
Бір күн бұрын әлеуметтік желіде Ресейдегі құрылыс нысандарының бірінде болған жаппай төбелестің видеосы тарап, қызу талқыланған.