Ақтөбе облысында «Ақтөбе – Алматы» бағытындағы жолаушылар пойызында болған қайғылы оқиғаға қатысты сот шешімі жарияланды. Бұл туралы Бас көлік прокуратурасы хабарлады, деп жазады Juzmedia.kz.
Оқиға өткен жылдың қазан айында, қызметтік іс-сапар кезінде болған. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, мейрамхана-вагонында бірге ішімдік ішкен үш әріптестің арасында жанжал туындаған. Вагон тамбурына шыққан кезде жолаушылардың бірі әріптесіне бірнеше рет пышақ сұғып, салдарынан жәбірленуші оқиға орнында көз жұмды.
«Сот айыпталушыны ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлігі (Адам өлтіру) бойынша кінәлі деп таныды. Оған 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді», — делінген прокуратура хабарламасында.
Үкім заңды күшіне енді.
Айта кетейік, бұған дейін Жамбыл облысындағы Жаңатас станциясында екі локомотивтің қатысуымен төтенше жағдай болған еді. Алдын ала мәлімет бойынша, апатқа машинистің қателігі себеп болған.