homepage

Жастар және креативті индустрия

27.03.2026, 21:58

Креативті индустрия - экономиканың жаңа әрі перспективалы бағыты. Елімізде бұл саланы дамытуға ден қойылып келгенмен, ЖІӨ үлесі әлі де төмен. Өткен жылғы статистика - 1% көлемінде дейді. Қазақстандағы креативті индустрияның негізгі қозғаушы күші - жастар. Яғни, бұл ретте “Жайдарман” секілді креативті ойлайтын, сахнада да, бизнесте де икемді жастарды тәрбиелей алатын алаңдармен синергия қажет ақ. Осы тақырып XXII JAIDARMAN Жайдарманшылардың алғашқы Маусымашар форумындағы панельдік сессияда талқыланды. 

“Жастар креативі: сахнадан нарыққа” атты панельдік сессияға “Астана Концерт” компаниясының бас продюсері Малик Хасенов, “AMANAT” партиясы жанындағы “Жастар Рухы” Жастар қанатының жетекшісі Ақерке Искандерова, “Қазақ Туризм” ҰК” АҚ басқарма төрағасының орынбасары Даниел Сержанұлы қатысты.

Сессия барысында сөз алған КВН мектебінің түлегі Малик Хасеновтің айтуынша қазақстандық креативтің әлеуеті өте зор, ендігі мақсат – оны ел экономикасына орасан табыс әкелетін маңызды секторға айналдыру. Бұл ретте ол Лондон тәжірибесін үлгі етеді, бұл мемлекеттегі креативті индустрияның ЖІӨ үлесі – 10% асады, 1 млн астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Қазақстандық креативті табыстың көзіне айналдырудың бір тетігі – шетелдік эстрада жұлдыздарының концертін ұйымдастыру. Малик Хасеновтің айтуынша, былтыр  “Астана Концерт” компаниясы ел бюджетіне 1 миллиард теңгеден астам салық төлеген. 

“Жайдарман” - тек әзіл-сықақ сахнасы емес, жастарды тәрбиелейтін, олардың креативті ойлау қабілетін дамытатын үлкен мектеп. “Жайдарманның” жастары – әмбебап мамандар. Сол жастардың идеясын дұрыс пайдалана отырып, отандық креативті индустрияның коммерциялық әлеуетін арттыруға бағыттау маңызды. 

Жалпы, креатив пен туризм қатар жүретін ұғымдар. Бұл ретте “Қазақ Туризм” ҰК” АҚ басқарма төрағасының орынбасары Даниел Сержанұлы Қазақстанның тамаша табиғатын әлеуметтік желідегі видеороликтері арқылы әлем жұртына паш етіп жүрген жас блогерлерді мысалға келтірді. Солардың бірі – 1,6 млн жазылушысы бар тревел-блогер Дастан Мұхамедрахым.  “Қазақ Туризм” жайдарманшылармен бірқатар жобаларды жүзеге асыруды ұсынды. Соның бірі – Алакөлде Жайдарманның кубогын өткізу. 

Сонымен қатар, сала өкілдері креативті индустрия инфрақұрылымын дамыту қажеттігін атап өтті. Мәселен, “Жайдарман” қозғалысына арналған арнайы орталық болса, бұл жобалардың ауқымы одан әрі кеңейер еді. Сондай-ақ, қазақстандық кино индустриясын дамыту үшін креативті хабтар құру маңызды.

Қорытындылай келе, “Жастар креативі: сахнадан нарыққа” сессиясы креативті индустрияның Қазақстан үшін стратегиялық маңызын көрсетті. Бұл - тек өнер емес, жастарды тәрбиелейтін, экономиканы дамытатын және елдің имиджін қалыптастыратын қуатты құрал.