Ақтөбеде мемлекетке 672 миллион теңге шығын келтірген шенеунік пен депутаттарға қатысты сот үкімі шықты. Олар халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған баспана ақшасын жымқырды деп айыпталды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Мұғалжар аудандық құрылыс бөлімінің басшысы мен мәслихат депутаттары бюджет қаржысына 70 пәтерлі жатақхананы көппәтерлі тұрғын үй ретінде сатып алған. Құжаттар қолдан жасалып, талапқа сай емес нысан мемлекеттік сатып алу арқылы өткізілген. Нәтижесінде мемлекеттен 672 миллион теңге негізсіз төленген.
Шенеуніктер 5 және 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Үшеуіне де мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге өмір бойына тыйым салынды. Сондай-ақ, мемлекетке келтірілген 672 миллион теңге шығын толық өндірілетін болды. Сотталушылар кінәсін мойындамаған, бірақ сот дәлелдерді жеткілікті деп тапты.