Трамп Тегеранмен келісімге келуді тағатсыздана күтіп жүр, ал Иран билігі оған селт етер емес. Бүгін Дональд Трамп Иранға “соңғы ескертуін жасады”, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Трамп Иранның энергетика нысандарына соққы беруді 2026 жылғы 6 сәуір, сағат 20:00-ге дейін (10 күнге) шегерді. Оның айтуынша, бұл шешім Тегеранның өтініші бойынша қабылданған, алайда Иран жағы мұндай өтініш жасамағанын айтып, Трамптың сөзін жоққа шығарып отыр. АҚШ президенті келіссөздердің «өте жақсы» жүріп жатқанын және Иранның ядролық қарудан бас тарту сияқты елеулі қадамдарға дайын екенін айтады. Ол «егер қазір бітім жасалмаса, кері қайтар жол болмайды» деп сес көрсетті.
Тегеран ресми түрде АҚШ-пен тікелей келіссөз жүріп жатқанын мойындамайды. Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи ұсыныстардың тек делдалдар арқылы жеткенін растады. Reuters мәліметінше, Иран АҚШ-тың 15 тармақтан тұратын талаптар тізімін қабылдамаған. Даудың негізгі нүктесі – Ормуз бұғазындағы кеме қатынасы. Трамп бұғазды ашуды талап етсе, Иран оны тек “достас мемлекеттер” үшін ғана ашық қалдыратынын айтқан еді.
Трамп Иранды әскери тұрғыдан “толық жеңілді” деп санап, оларды барынша тиімсіз шарттарға көндіргісі келгенмен, Иран билігі Трамптың бұл тактикасына илігер емес.