Ақтау маңында апатқа ұшыраған әзербайжандық жолаушылар ұшағына қатысты жаңа ақпараттар жария етілді, длеп хабарлайды Juzmedia.kz.
ӘЗЕРБАЙЖАН ДЕЛЕГАЦИЯСЫ АҚТАУҒА ЖЕТТІ
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, қаза тапқандар мен зардап шеккендердің тізімі нақтыланып жатыр.
Сондай-ақ Әзербайжан Республикасының делегациясы Ақтау қаласына жетті.
Сонымен қатар оқиға орнында үкіметтік комиссияның іс-қимылын үйлестіру үшін ТЖ министр генерал-майор Шыңғыс Әрінов, ТЖ вице-министрі Кеген Тұрсынбаев және ТЖ жою департаментінің бастығы Ақтауға кетті.
ПРЕЗИДЕНТ КӨҢІЛ АЙТТЫ
Айта кетсек, Мемлекет басшысы Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевке көңіл айтты.
“Орны толмас ауыр қайғыға ортақтаса отырып, Сізге, қаза тапқан азаматтардың туған-туыстарына және барша Әзербайжан халқына көңіл айтамын. Менің тапсырмаммен Қазақстан Үкіметі мемлекеттік комиссия құрды. Комиссия құтқару операциясы аясында тиісті шаралар қабылдап, Әзербайжан тарапына қажетті көмек көрсетеді, – делінген жеделхатта.
ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ
Бүгін, яғни 2024 жылғы 25 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша сағат 11:00-де Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаментіне Баку – Грозный бағытында ұшып бара жатқан Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Embraer 190ar әуе кемесі апатты жағдай жариялап, Ақтау әуежайына қонуға жағдай жасау туралы ақпарат түсті. Қону уақыты шамамен сағат 11:25 деп белгіленді.
Алдын ала ақпарат бойынша бортта 69 адам, оның ішінде 5 экипаж болған.
Маңғыстау облысы ТЖД күштері мен құралдары дереу оқиға орнына жіберілді.
Сағат 11: 30-да әуежайдан 3 километр жерде ұшақтың апатқа ұшырағаны туралы ақпарат түсті. Осыған байланысты жоғары ранг бойынша ТЖД күштері мен құралдары қосымша жіберілді.
ТЖМ Командалық орталығының базасында республикалық штаб құрылды, оның құрамына Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Көлік министрліктерінің, Ұлттық ұланның, Сыртқы істер министрлігінің және басқа да ведомстволардың өкілдері кірді.
Жалпы операцияға азаматтық қорғау қызметінің жеке құрамынан 701 адам және 82 бірлік техника жұмылдырылуда.
29 АДАМ АУРУХАНАҒА ЖЕТКІЗІЛДІ
Сағат 11:45-тегі жағдай бойынша өрт оқшауланып, 12:05-те сөндірілді. Сағат 14:10-да 29 адам, оның ішінде 2 бала медициналық мекемелерге жеткізілді. Қазіргі уақытта авариялық-құтқару жұмыстары жалғасуда.
Медициналық көмек көрсету үшін Астана қаласынан санитарлық авиация борты Ақтауға жіберілді.
Оқиға туралы өзекті ақпаратты алу үшін жедел желі телефондары жұмыс істейді:
Астана қаласының командалық орталығында: 8-7172-55-96-21, 55-96-83.
Маңғыстау облысы ТЖД: 8-7292-31-90-91.
Осы сағатта жедел желі телефондарына 272 қоңырау түсті.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.