Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Ресейдің Ленинград облысындағы Усть-Луга кентінде орын алған жаппай төбелеске қатысты ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ведомство өкілдерінің мәлімдемесі төмендегідей:
«Қазақстанның Санкт-Петербургтегі Бас консулдығы 2026 жылғы 26 наурызда Усть-Луга кентіндегі «Велестрой» компаниясында Қазақстан азаматтарының қатысуымен болған қақтығыс туралы ақпаратты тексеріп жатыр. Алдын ала мәліметтер бойынша, оқиғаға қатысушыларды мән-жайды анықтау үшін Ресейдің құқық қорғау органдары ұстаған. Ресейдің құзырлы органдарына және компания басшылығына ресми сауалдар жолданды», — деп хабарлады СІМ.
Министрлік сондай-ақ қазақстандық дипломаттардың Санкт-Петербург және Ленинград облысының Ішкі істер министрлігімен тұрақты байланыста екенін атап өтті. Қазіргі уақытта зардап шеккен отандастарымыздың саны нақтыланып жатыр. СІМ бұл жағдайды өз бақылауына алғанын жеткізді.
Әлеуметтік желіде тараған видеоларға қарағанда жанжал қазақстандықтар мен жергілікті күзетшілер арасында болғанға ұқсайды. Бір видеода түнгі уақытта жиналған топтың ортасына жеңіл көліктің жоғары жылдамдықпен басып кіргені көрінеді. Бұл жағдай төбелесті одан әрі ушықтырған. Екінші бір видеода (күндіз түсірілген) күзет қызметкерлерінің бірнеше адамды көлікке күштеп тиеп жатқаны байқалады.
Ресейлік құқық қорғау органдары оқиға орнына жетіп, төбелеске қатысқандардың барлығын, соның ішінде Қазақстан азаматтарын да ұстаған. Аталған компанияда бұған дейін де еңбек жағдайы немесе тәртіпке қатысты шағымдар болғаны айтылды.