homepage
фото: ашық дереккөзден

Шавкат Рахмоновтың әйелі 5 жылға сотталды

27.03.2026, 13:42

Шавкат Рахмоновтың әйелі 5 жылға сотталды. Алайда, жазаны өтеу кейінге қалдырылды, себебі сот оның кәмелетке толмаған төрт баласы барын ескерді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Іс Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Гүлайым Рахмонова 2025 жылдың 27 шілдесінде “Алматы-Екатеринбург” тас жолында “Toyota Land Cruiser” көлігімен келе жатып, рульге ие бола алмай қарсы жолаққа шығып кетеді. Нәтижесінде көлік аударылып, апат салдарынан екі жолаушы – сотталушының досы мен әпкесі көз жұмған болатын.

Сотта оның кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен және басқа да дәлелдермен толық дәлелденді. Прокурор 5 жылға бас бостандығынан және 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айыруды сұрады. Сот шешімімен сотталушы бес жылға бас бостандығынан айырылды, алайда жазаны өтеу мерзімі кейінге шегерілді. 

Бұған дейін Шавкат Рахмоновтың әйелі өзінің әлеуметтік желісінде жазба қалдырып, UFC шебері отбасын тастап кеткені туралы айтқан болатын. Бірақ, спортшының өзі бұған қатысты тіс жарған жоқ.