Ақордада Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық альпинист Ерванд Ильинскийге «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын салтанатты түрде табыстады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ерванд Ильинский – Эверестті бағындырып, беделді «Жеті шың» клубына мүше болған алғашқы қазақстандық. Оның жетекшілігімен Қазақстан құрамасы әлемде бірінші болып биіктігі 8 мың метрден асатын жер шарындағы барлық 14 шыңды түгел бағындырған.
Президент атап өткендей, Ильинский қалыптастырған альпинизм мектебі бүгінде Қазақстанның жаһандық брендіне айналды. Ол 100-ден астам спорт шеберін, соның ішінде халықаралық дәрежедегі чемпиондарды тәрбиелеп шығарған.
Қасым-Жомарт Тоқаев тәжірибелі бапкердің қажырлы еңбегінің арқасында Қазақстан туы әлемнің ең биік нүктелерінде желбірегенін айтып, оның отандық спортқа қосқан үлесіне жоғары баға берді.
«Адам өмірі ең жоғары спорттық жетістіктерден құнды» деген теңеуіңіз альпинистер арасында қанатты сөзге айналып кетті. «Альпинизм – адам мен табиғат арасындағы шахмат ойыны» деп дәл айтқансыз. К2 (Чогори) шыңын бетке алған командаңыздың алай-түлей боранға тап болғаны мәлім. Сол сәтте шыңның ұшар басына қол созым жер қалғанына қарамастан, кері қайттыңыз. Мұндай шешім қабылдау оңай емес. Осыдан-ақ дана, мейірбан жан екеніңізді аңғарамыз. Жетістік пен жеңіске ешқашан масаттанған емессіз. Бәріне белгілі, үйреншікті бағыттармен жүргенде де сақтықты ұмытпадыңыз. Кез келген жорыққа осылай тыңғылықты дайындалу даңқты альпинист, спортшы, тәлімгер ретінде сіздің «төлқұжатыңызға» айналды, – деді Мемлекет басшысы.