Қазақстанда тұңғыш рет әкімшілік амнистия жарияланып, азаматтардың жиналып қалған айыппұлдары кешірілуі мүмкін. Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы. Бүгін Сенат депутаты Марат Қожаев рақымшылыққа кімдер ілігетіні туралы айтып берді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Депутаттың айтуынша қазір арнайы жұмыс тобы амнистияның нақты шарттарын талқылап жатыр. Жеңілдік бірінші кезекте халықтың әлеуметтік осал топтарына берілмек:
Сенатордың сөзінше, қоғамның және азаматтардың қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірмейтін әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша айыппұлдарды толық немесе ішінара кешіру жоспарда бар.
«Айыппұлдың негізгі мақсаты — бюджетті толтыру емес, құқық бұзушылықтың алдын алу. Сондықтан мемлекет қазынасына түсетін түсімнен бұрын, азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету маңызды», — деді Марат Қожаев.
Қазіргі уақытта Ішкі істер министрлігі, Әділет министрлігі және Бас прокуратура амнистия тетіктерін әзірлеп жатыр. Жақын арада нақты шешім қабылданып, кешірілетін айыппұлдардың тізімі жарияланбақ.