Шығыс Қазақстан облысында 16 жастағы жасөспірім қызды 22 жастағы жігіт пышақтап кеткен. Қаладағы медициналық орталықтың біріне қыз бала ауыр жағдайда жеткізіліп, дәрігерлер оның өмірі үшін 3,5 сағат күрескен, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Хирург Қуаныш Жүнісовтің айтуынша, ота 3,5 сағатқа созылған. Соққының қатты болғаны соншалық, пышақ ішкі мүшелерді зақымдап, тіпті омыртқаға дейін жеткен.
«Пышақтың көлемі өте үлкен, соққының күші қатты болғаны соншалықты, омыртқада да із қалған», – деп жазды дәрігер әлеуметтік желідегі парақшасында.
ШҚО Полиция департаментінің хабарлауынша, бұл оқиға бойынша күдікті ретінде 22 жастағы жігіт ұсталды. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 106-бабы 2-бөлігі (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл бап бойынша күдікті 6 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Қазіргі таңда зардап шеккен қыздың жағдайы тұрақталды, өміріне қауіп жоқ.