Алматы қаласындағы Әл-Фараби даңғылында тағы бір жол-көлік оқиғасы болды. 25 наурыз күні кешкі уақытта Mitsubishi Delica маркалы автокөлігінің жүргізушісі Розыбақиев көшесімен қиылыста жолды кесіп өтпек болған әйелді қағып кетті. Зардап шеккен әйел алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмған, деп хабарлайды Juzmedia.kz
Куәгерлердің айтуынша, әйел жолды белгіленбеген жерден өтпек болған. Қазіргі уақытта полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
«Mitsubishi Delica жүргізушісі Әл-Фараби даңғылымен шығыс бағытта келе жатып, Розыбакиев көшесімен қиылыста жолды кесіп өтпек болған әйелді қағып кеткен. Зардап шегуші оқиға орнында көз жұмды», — деп хабарлады полиция.
Айта кетейік, бұл Әл-Фараби даңғылындағы соңғы бірнеше күндегі алғашқы өлім емес. 21 наурызға қараған түні Zeekr электрокары жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, Mercedes көлігімен соқтығысқан болатын. Ол апаттан үш адам қаза тапқан еді.
Қалалық полиция жол ережесін өрескел бұзу деректері жиілеп кеткен соң бақылауды күшейтті. Жақында осы даңғылда көлігін сағатына 250 шақырым жылдамдықпен айдаған жүргізуші ұсталып, 10 тәулікке қамауға алынған болатын.