homepage
Фото: depositphotos.com

Үш өңірде жаңа СЭС салынады

26.03.2026, 10:32

Су ресурстары және ирригация министрлігі еліміздің бірнеше аймағындағы су қоймаларында шағын су электр станцияларын салуды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта Қарағанды облысындағы Самарқанд, Ақтөбедегі Қарғалы және Абай облысындағы Қаракөл су қоймалары бойынша жобалау-сметалық құжаттар дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Бұл жұмыстар өткен жылдың қыркүйек айында қабылданған «Қазсушар» РМК гидротехникалық нысандарында шағын гидроэлектростанцияларды дамыту жөніндегі жол картасы аясында жүзеге асып жатыр.

Бастама аясында тағы бес нысанның құрылысы жоспарда бар, оның үшеуі жеке инвесторларды тарту арқылы жүзеге аспақ. Ведомство мәліметінше, бүгінде шағын СЭС орнатуға жарамды 29 нысан іріктелді. Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов:

"Қазсушар" РМК гидротехникалық нысандарындағы электр энергиясын өндірудің жалпы көлемі жылына 30 МВ”, – деді.

Айта кетейік, бүгінде кәсіпорын теңгерімінде үш шағын СЭС жұмыс істеп тұр. Олар Солтүстік Қазақстан облысындағы Сергеев гидроторабында, Қарағанды облысындағы Ынтымақ су қоймасында және Қорғас өзені бойындағы «Достық» гидроторабында орналасқан.