homepage
Фото: ашық дереккөзден

Трамптың «айласы ма, әлде келісім бе?»: АҚШ Иранды келіссөзге шақырды

25.03.2026, 10:54

АҚШ әкімшілігі алдағы бейсенбіде, 26 наурызда Исламабадта Иранмен бетпе-бет келіссөз өткізуге күш салып жатыр. Алайда Тегеран бұл ұсынысты кезекті «тұзақ» деп қабылдап, сақтық танытып жатыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz

Иранның ресми өкілдері делдал елдерге (Пәкістан, Мысыр, Түркия) Дональд Трамптың бұған дейін екі рет алдап кеткенін айтады. Axios басылымының хабарлауынша, Тегеран өткен жылғы мына оқиғаларды алға тартты:

Өткен жылдың маусымында ядролық келіссөздерге бірнеше күн қалғанда Израиль АҚШ-тың қолдауымен Иранға соққы жасаған. Және үш апта бұрын Женевадағы келіссөздер жалғасады деп шешілген соң, тағы да әскери шабуыл жасалған. Осыған байланысты Иран тарапы тағы да алданғысы келмейді.

Трамп әкімшілігі келіссөзге ниетті екенін дәлелдеу үшін вице-президент Джей Ди Вэнсті жіберуді жоспарлап отыр. Ол Иранда «қатаң бағытты ұстанбайтын тұлға» ретінде қабылданады. Дегенмен, АҚШ бір уақытта Таяу Шығыстағы әскери күшін (CENTCOM) арттырып, жаңа жойғыш ұшақтар мен мыңдаған сарбазын жіберген.
Трамптың кеңесшісі бұл жағдайды: «Трамптың бір қолы келісім үшін ашық, ал екіншісі — бетіңнен ұруға дайын жұдырық», — деп сипаттады.

АҚШ президенті Трамп келіссөздердің жүріп жатқанын және АҚШ бұл «соғыста жеңіске жеткенін» мәлімдегенімен, Пентагон әлі де соғысқа дайындық үстінде. Сарапшылардың айтуынша, келіссөздер басталған күннің өзінде әскери қақтығыстар тағы 2-3 аптаға созылуы мүмкін.

Ал Пәкістан премьер-министрі Шарбаз Шариф Исламабадты келіссөз алаңы ретінде ұсынып, екі тарапты да қабылдауға дайын екенін растады.