Қазақстандық альпинист Ерванд Ильинскиге елдің ең жоғары марапаты – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді. Жарлыққа бүгін Президент қол қойды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
«Альпинизмдегі аса зор жетістіктері, сондай-ақ елдегі спортты дамытуға қосқан үлкен үлесі және қоғамдық қызметке белсенді қатысқаны үшін» марапатталады делінген Жарлықта.
Ерванд Ильинский - кеңестік және қазақстандық альпинист әрі жаттықтырушы. Ол 1940 жылы Воронежде туған, 1949 жылы ата-анасымен бірге Алматыға қоныс аударған. Алматы политехникалық институтында оқып жүргенде альпинизммен айналыса бастайды.
Ильинский – Қазақстан альпинизм құрамасының бас бапкері. 1990 жылы Эверест шыңына көтерілді, ал 2007 жылы барлық құрлықтардың ең биік нүктелерін бағындырған «Жеті шың» клубының алғашқы қазақстандық мүшесі атанды. Ол Эверест, Эльбрус, Аконкагуа, Мак-Кинли, Килиманджаро, Костюшко және Винсон шыңдарына 1990–2007 жылдары көтерілген.
КСРО чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпазы және жүлдегері. 1975 жылы – Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген жаттықтырушысы, 1979 жылы - КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, 1982 жылы – КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері атақтарын алды. Қазақстандық альпинистер Мақсұт Жұмаев пен Василий Пивцовты жаттықтырған.
«Қазақстанның Еңбек Ері» атағы – елдің экономикалық және әлеуметтік-гуманитарлық дамуына ерекше үлес қосқан азаматтарға берілетін ең жоғары дәрежелі марапат. Ол «Алтын Қыран» ордені және «Халық Қаһарманы» атағымен қатар саналады. 2008 жылғы 1 желтоқсанда тағайындалған.