homepage
Фото: instagram.com/andersonchik1

Қазақстандық блогерге іздеу жарияланды

24.03.2026, 11:32

Астанада Қаржылық мониторинг агенттігі блогер “Ильярчик” лақап атымен танымал Ильяр Ювашевке заңсыз интернет-казино қызметін ұйымдастыруға жәрдемдесті деген күдікпен мемлекетаралық іздеу жариялады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Ведомствоның мәліметінше, Ювашев Ильяр Салаватович 2024–2025 жылдары mellstroy.game платформасын қоса алғанда, интернет-казино желісін құру және басқару процесіне қатысқан. Қаржы ағындарын заңдастыру және операцияларды жасыру үшін 22 жалған заңды тұлға тіркеліп, POS-терминалдар мен электронды төлем құралдары пайдаланылған. Осы арналар арқылы ойыншылардан 3,6 миллиард теңгеден астам қаражат түскен.

Агенттік өкілдері бұл қызметтің қоғам мен экономикаға елеулі зиян келтіргенін атап өтті. Атап айтқанда, азаматтар, соның ішінде кәмелетке толмағандар құмар ойындарға тартылған, лудомания күшейген, халық табысы жоғалып, қаржы офшорлық аймақтарға шығарылған.

Сондай-ақ Астана қаласы бойынша ҚМА Беларусь азаматы, Mellstroy атымен белгілі блогер Андрей Буримге қатысты тергеуді жалғастырып жатыр. Ол интернет-казиноны насихаттау үшін түрлі ұтыс ойындары мен челлендждер ұйымдастырып, қатысушыларға әлеуметтік желілерде бейнероликтер жариялап, платформа атауын жарнамалауды ұсынған.

Қазіргі уақытта Бурим халықаралық іздеуде. Егер іздеудегі тұлғаның жүрген жері туралы ақпарат белгілі болса, құзырлы органдарға хабарлау сұралады.