homepage

Жайдарман мектебі және кино өндірісі

24.03.2026, 01:39

Жайдарман мектебінен шыққан кадрлар кино өндірісіне қалай ықпал етіп жатыр? Бұл сұрақ «Жайдарман - қазақ контентінің кадрлық базасы» атты республикалық форум аясында ұйымдастырылған панельдік сессияның өзегіне айналды. Панельдік сессияға продюсер, сценарист, Жайдарманның түлегі Бұхар Марат, журналист, жайдарман жанашыры Дана Нұржігіт, «Juzmedia» ақпараттық агенттігінің жетекшісі Тоғжан Жалғасбек және өзге де спикерлер қатысты. 

Жалпы, қазір Қазақстанда жылына 30-40 жуық толықметражды фильм түсіріледі.  Бір фильмнің орташа бюджеті 300 млннан 1 млрд теңге дейін жетеді. Кассалық табыстың басым бөлігі комедия жанрынан түсіп отыр. Негізгі көрермен – жастар аудиториясы. Сондықтан, шығармашыл, креативті жастардың басын біріктірген «Жайдарманнан» отандық киноиндустрияға жаңа бір толқын келіп қосылды. Солардың бірі – Бұхар Марат. Көрерменнің көзайымына айналған бірнеше жобаның авторы. 2015 жылы «Жайдарманның» чемпионы атанған «Күлтегін» құрамасының ойыншысы. 

Оның пікірінше, Жайдарман шығармашылықты шыңдайтын үлкен мектеп. Ол осы ортада жүріп, пісіп, жетіліп контент өндірісінің барлық базалық дағдыларын тәжірибе арқылы меңгерген. Яғни, ол сюжет құру, драматургия, көрермен психологиясы мен реакциясын түсіну. Дегенмен, ол Жайдармандағы үй тапсырмасын киноға әкеле салам деу үлкен қателік екенін айтады. 

«Жайдарман бізге драматургия жанрын үйретті. Ондағы әр конкурс ол сәлемдесу болсын, үй тапсырмасы болсын кіріспесі, шарықтау шегі, көрерменге ой салар қорытындысы бар кәдімгі толыққанды сценарий деуге әбден болады. Оны ойната алатын, жаза алатын жайдарманшы сценарийге, драматургияға бір табан жақын болады. Соның анық дәлелі, Жайдарманнан шығып, кассалық кинолардың сценаристі болып жүрген біздің замандастарымыз жетерлік. Алайда, Жайдарманда жүріп, болдым, толдым деп кино нарығына оңай өтіп кетуге болмайды. Ол үшін білім керек, қосымша тәжірибе әрі үлкен ізденіс керек».

Ал, белгілі журналист, жайдарманның жанашыры Дана Нұржігіт Жайдарманды жастардың практикалық шеберлік алаңы деп бағалайды. Оның айтуынша, жоба - тек ойын форматы емес, идея ойлап табу, мәтін жазу, аудиториямен жұмыс істеу, жылдам шешім қабылдау сияқты дағдыларды дамытатын орта. Дегенмен, шығармашыл жастардың осы әлеуетін үлкен креативті ортада, кино атты өнерге айналдыру үшін шеберлік мектептері қажет-ақ. 

«Кино ол - өнер. Менің түсінігімде. Ал, қазір ол бизнес көзіне айналып кетті. Жайдарманда сөздің жетесін түсінетін, құнын білетін, өзін өзі ұстай алатын талантты жастар көп. Бұл мектептен көп нәрсені үйренуге болады. Бірақ, бұл орта кино әлеміне апаратын үлкен жолдың бірінші баспалдағы іспетті. Жайдарман тек қана әзіл айтылатын ортадан асып түсті. Ол жеке дара академия болатын жағдайға жетті деп ойлаймын. Өз шеберханалары болуы керек. Оған атақты кино режиссерлерді, мықты кино түсіріп жүрген операторларды шақырып жастардың шеберлігін шыңдап барып, кино нарыққа аттандырса ғана біз жаңа мазмұндағы туындыларды көре аламыз деген үміт бар. Себебі, тағы қайталап айтамын. Кино үлкен өнер», – деді Дана Нұржігіт. 

Ал, «Juzmedia» ақпараттық порталының жетекшісі Тоғжан Жалғасбектің ойынша Жайдарманды ақпараттық тұрғыдан қолдайтын, қолдау көрсететін құрал керек. Бұл ретте, «Juzmedia» ақпараттық агенттігі жайдарманшылардың жеңісі, кинодағы қадамы туралы ақпараттық деректер базасын құруға кіріспек. 

«Жайдарманмен өткен жылдан бері ақпараттық серіктес болып жұмыс істей бастадық. Жақын таныстық. Бұл тек келіп, күліп, көңіл көтеріп кететін орта емес. Бұл жастардың санасына серпіліс беретін, қанатын қатайтатын үлкен мектеп. Жайдарман – ширек ғасырлық тарихы бар үлкен жоба болғанмен ол туралы жинақталған ақпарат көзі мардымсыз. Сондықтан, біз «Juzmedia» сайтынан арнайы бөлім аштық. Бұл осы жобаның бастауында тұрған тұлғалармен сұхбаттар сериясын, жеңіске жеткен командалар, түрлі саланы бағындырып жүрген оның түлектері туралы ақпараттарды біріктіретін үлкен базаға айналады деп сенеміз. Себебі, Жайдарманды қолдау – ол жастарды қолдау, елдегі креативті нарықты қолдау деп түсінеміз»,– дейді Тоғжан Жалғасбек. 

Сарапшылардың ортақ пікірі - Жайдарман енді тек ойын алаңы емес. Ол - қазақ тіліндегі креатив контенттің тұрақты кадрлық резервін қалыптастыратын жүйелі платформа. Ендігі Жайдарман - ұлттық медиа кеңістіктің сапалы өсуіне жұмыс істейтін жаңа буын мектебі.