homepage

Куба: "Біз соғысқа дайынбыз"

23.03.2026, 12:04

Куба билігі АҚШ тарапынан болуы мүмкін әскери агрессияға қарсы қорғаныс шараларын күшейтіп жатқанын хабарлады. Бұл туралы елдің Сыртқы істер министрінің орынбасары Карлос Фернандес де Коссио айтты, деп хабарлайды Juzmedia.kz NBC News-ке сілтеме жасап.

Де Коссионың айтуынша, қазіргі әлемдегі құбылмалы жағдайды ескере отырып, мұндай қауіпке дайын болмау «аңғалдық» болар еді.

«Біздің қарулы күштеріміз кез келген әскери агрессияға тойтарыс беруге дайын және қазір соған белсенді дайындалып жатыр», — деді ол.

Бұған дейін Дональд Трамп Ирандағы әскери операциялардан кейін Кубада үлкен өзгерістер болатынын, тіпті кубалық үкіметтің «жақын арада құлайтынын» айтқан болатын. Ол Куба мәселесі АҚШ үшін тек «уақыт еншісінде» екенін меңзеді.

Куба дипломаты елге мұнай жеткізуге салынған блокаданы АҚШ-тың ашық агрессиясы деп атады. Бұл шектеулер елдің экономикалық жағдайын қиындатып отыр, алайда Гавана бұл бойкоттың ұзаққа созылмайтынына сенеді.

The Wall Street Journal басылымы АҚШ әкімшілігі 2026 жылдың соңына қарай Кубадағы билікті ауыстыруды жоспарлап отырғанын жазды. Алайда АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио бұл ақпаратты «фейк» деп атап, жоққа шығарды.

Куба президенті Мигель Диас-Канель АҚШ-пен келіссөздер жүріп жатқанын растағанымен, Вашингтон тарапынан күн сайын дерлік билікті күшпен құлату туралы қоқан-лоқы жасалып жатқанын атап өтті.

Теги: