Қазақстанда жалған ақпарат тарату бабы бойынша үшінші журналист үйқамаққа жіберілді. Бұл жолы астаналық журналист Ботагөз Омарова аталған бап бойынша күдікті деп танылып, Астана соты оны екі айға үйқамаққа алды. Бұл оқиғаға қатысты журналистер қауымы Тоқаевқа үндеу жолдап, бұл бапты декриминализациялауды сұрап отыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
20 наурыз кешке Омарова полицияға тергеу әрекеттеріне байланысты шақырылған. Ол бөлімшеге өз еркімен барған. Алғашында куәгер ретінде тартылғанмен, кейін ол күдікті деп танылған. Іс журналистің нақты қай материалына қатысты екені айтылмайды.
21 наурызда бір топ қазақстандық журналист президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа мәлімдеме жасап, журналист Ботагөз Омарованың ісін жеке бақылауына алуды сұрады. Бұған қоса, жалған ақпарат тарату бабын Қылмыстық кодекстен алып тастауды сұрады.
“Сізден Ботагөз Омарованың ісін жеке бақылауға алуыңызды және бізді, журналистерді, осындай оқиғалардан қорғауыңызды сұраймыз, себебі Қылмыстық кодекстің 274-бабы көбінесе журналистерге қысым жасау құралы ретінде қолданылады. Конституцияның гаранты ретінде сізден осы бапты декриминализациялау туралы президенттік бастама көтеруіңізді сұраймыз” – деді видеомәлімдеме журналистер.
Мәлімдеме авторларының атап өтуінше, Ботагөз Омарованың журналистикада 20 жылдық тәжірибесі бар және “әрдайым өзінің кәсіби міндетін адал атқарып келе жатыр, фактілерді тексеріп, құжаттарды зерттейді, заңнама аясында жұмыс істейді”.
Әзірге Ақорда журналистердің үндеуіне реакция білдірмеді.
Осы іске қатысты ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева пікір білдіріп, министрлік бұл жағдайды бақылауда ұстап отырғанын жеткізді.
“Таратылып жатқан ақпараттың дұрыстығын тексеру – «Масс-медиа туралы» ҚР заңында бекітілген журналистердің негізгі міндеттерінің бірі. Сонымен қатар, заңнамада, атап айтқанда 68-бапта, журналистерді шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратты таратқаны үшін жауапкершіліктен босататын жағдайлар қарастырылған, оның ішінде ресми сөздерді сөзбе-сөз, өзгеріссіз келтірілген болса. Осы сияқты кез-келген мәселелерді қарау барысында «Заң және тәртіп» қағидатын қатаң сақтау қажет деп есептейміз, өйткені заң баршаға ортақ және оны сақтау барлық азаматтар үшін міндетті” -деп жазды, мәдениет және ақпарат министрі.
Ботагөз Омарова – “Жалған ақпарат тарату” бабы бойынша үйқамаққа алынған үшінші журналист. Одан бөлек, қазіргі кезде Orda.kz бас редакторы Гүлнар Бажкенова мен ҚазТАГ бас редакторы Әмір Қасенов үйқамақта отыр.