homepage
фото: Ақорда

Тоқаев Наурыз мейрамымен құттықтады

21.03.2026, 13:02

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтады. 

«Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Әз-Наурыз – тазару, жаңару уақыты. Тазалық – мән-мағынасы кең ұғым. Бұл – ең алдымен, ой тазалығы, сана мен ниет тазалығы деген сөз. Осыдан екі жыл бұрын елімізде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы бастау алды. Ауқымды жоба халықтың, әсіресе, жастардың жаппай қолдауына ие болды. Азаматтарымыз тазалықты құр сөзбен емес, нақты ісімен көрсетуде. Ұқыптылық, жинақылық, тиянақтылық қасиеттері ұлтымыздың жаңа сапасына айнала бастады. Жалпы, «Таза Қазақстан» бастамасы – жай ғана кезекті саяси науқан немесе үгіт-насихат емес, бұл – мемлекетіміздің мызғымас идеологиясы. Сондықтан осы игі іспен біз жыл бойы айналысуымыз керек, бұл ұлт болмысының ажырамас бөлігі болуға тиіс. Әсіресе, Ұлыстың ұлы күні тазалық философиясын кеңінен дәріптеу маңызды. Ұлыстың ұлы күні Жер Ана да, еліміз де жаңарып жатқан осы тарихи сәтте айтылған тілектің мән-мағынасы айрықша деп ойлаймын. Сондықтан ең бастысы елімізге амандық, жерімізге тыныштық тілеймін», – деді президент. 

Бүгін Мемлекет басшысы Түркістан облысына жұмыс сапарымен барды. Өөңірге сапары түркі дүниесінің рухани әрі тарихи-мәдени ескерткіштерінің бірі, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етуден басталды. Мемлекет басшысы кесене аумағында жерленген ғұлама Қожа Ахмет Ясауи мен басқа да әйгілі тарихи тұлғалардың рухына тағзым етті.