homepage
Фото: Anadolu Ajansı

Иран: Біз бұл соғыста шегінбейміз

21.03.2026, 11:59

Иран сыртқы істер министрі Аббас Аракчи Тегеран АҚШ пен Израильмен ешқандай бітімге келмейтінін, соғысты толық әрі түбегейлі аяқтауды көздейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Оның сөзінше, Иран уақытша атысты тоқтатпайды, Аракчи Тегеран үшін қысқа мерзімді үзіліс емес, түпкілікті жеңіс керектігін жариялады. 

Сонымен қатар, Иран жапон тарапымен кеңескеннен кейін Жапонияға қатысы бар кемелердің Ормуз бұғазы арқылы өтуіне рұқсат беруі мүмкін екенін жеткізді. Бұл мәселе екі ел арасында қазірдің өзінде талқыланып жатыр. Айта кетейік, Жапония импорттайтын шикі мұнайдың 90 пайыздан астамы Таяу Шығыс елдерінен жеткізіледі.

Бұған дейін Аракчи Al Jazeera телеарнасына берген сұхбатында да Иранның АҚШ пен Израильге қарсы соғыста шегінбейтінін мәлімдеген. Оның айтуынша, елдің саяси жүйесі берік, жоғары лауазымды тұлғалардың қаза табуы мемлекет тұрақтылығына әсер етпейді. Министр Ирандағы мемлекеттік институттар жеке тұлғаларға тәуелді емес екенін, тіпті ең жоғары деңгейдегі басшыдан айырылған жағдайда да жүйе жұмысын жалғастыра беретінін айтқан. 

АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери операциясы 28 ақпанда басталып, үшінші аптаға ұласты. Осы уақыт ішінде тараптар бір-біріне соққы жасауды жалғастырып келеді. Тель-Авив бұл әрекеттің мақсаты – Иранның ядролық қару иеленуіне жол бермеу екенін мәлімдеді. Ал Вашингтон Иранның әскери әлеуетін жоюмен қорқытып, азаматтарды билікті құлатуға шақырды. Өз кезегінде Тегеран қорғанысқа дайын екенін және қазіргі жағдайда келіссөздерді қайта бастауға негіз көріп отырмағанын алға тартады.