Ұлттық қауіпсіздік комитеті мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы, атап айтқанда, жүргізуші куәлігін беру мен жылжымайтын мүлікті тіркеуге қатысты заңсыз схемалардың жолын кесті. Жемқорлық деректері Астана, Шымкент, Тараз қалалары мен Ақмола, Павлодар облыстарында анықталған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Астанада мамандандырылған ХҚКО басшысының бұрынғы орынбасары пара үшін емтихан тапсыруға көмектесіп келген. Тергеу барысында 100 миллион теңгеден астам сомадан тұратын 60-қа жуық іс әшкереленді.
Көкшетау мен Екібастұзда да ұқсас заң бұзушылықтар әшкере болды. Мұндағы бөлім басшылары емтиханды клиенттердің орнына «жалған адамдарға» тапсыртқаны үшін ақша алып отырған.
Астана, Шымкент және Тараз қалаларындағы «Азаматтарға арналған үкімет» қызметкерлері жылжымайтын мүлікті қайта тіркеу және шектеулерді (арест) заңсыз алу арқылы байып келген.
Қазіргі уақытта бұл деректер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сай жарияланбайды.