Алматыда ҚазТАГ халықаралық ақпарат агенттігінің басшысы Әсет Матаев екі ай мерзімге қамауға алынды. Бұл туралы оның адвокаты Рена Керимова хабарлады, деп жазады Juzmedia.kz.
Адвокаттың айтуынша, сот шешімі шыққанымен, оның денсаулығына қатысты ескерту жасалған.
«Сот екі айға қамады, бірақ прокуратураға дереу медициналық көмек көрсету қажеттігін ескертті», — деді Рена Керимова.
Еске сала кетейік, осы аптада Әсет Матаевтың Алматыдағы төбелес кезінде соққыға жығылғаны мәлім болған еді. Полиция аталған факті бойынша «Бұзақылық» бабымен іс қозғап, төбелеске қатысушыларды, соның ішінде Матаевты да ұстады. Қорғаушы тарап бұған дейін Матаевтың басы жарылғанын және жағдайының нашарлығын айтып, дабыл қаққан болатын.