Парламент Алатау қаласының ерекше мәртебесін бекітті. Жаңа конституциялық заң бойынша қалада арнайы құқықтық режим орнап, оны басқару үшін Alatau City Authority атты жаңа мемлекеттік орган құрылады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Жобаны таныстырған вице-премьер Қанат Бозымбаев қаланы басқарудың ерекше моделіне тоқталды:
«Оның негізгі бағытын Премьер‑Министр басқаратын кеңес айқындайды. Ал әкімшілік жұмысты бас атқарушы директор жүзеге асырады. Кеңес қаладағы негізгі стратегиялық шешімдерді қабылдайды және әкімшілік актілерді бекітеді. Ал мәслихат пен әкімдік қаланың әлеуметтік, коммуналдық және қоғамдық мәселелеріне жауап береді», — деді Бозымбаев.
Қаланың дамуына серпін беретін негізгі салалар — салық, құрылыс, экология, жер және қаржы мәселелері — арнайы Кеңестің актілерімен реттеледі. Бұл кеңеске еліміздің Премьер-Министрі тікелей жетекшілік ететін болады.