homepage
Фото: ашық дереккөзден/көрнекі сурет

Мемлекет "қазынасы" толығып жатыр

20.03.2026, 11:39

Жыл басынан бері еліміздің республикалық бюджетіне түскен салық көлемі айтарлықтай өсті. Бүгінгі таңда қазынаға 3,6 триллион теңге түскен, бұл өткен жылмен салыстырғанда 900 миллиард теңгеге көп. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов айтты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Вице-министрдің айтуынша, салық түсімдерінің өсу қарқыны 133 пайыз. Бюджеттің бүйірін толтырған негізгі көрсеткішке бір жағынан қосылған құн салығынан (ҚҚС) жалпы 1,8 триллион теңге түсені әсер етсе, оның 1 триллион теңгесі — ішкі нарықтағы айналымнан, ал 800 миллиард теңгесі — импорттан жиналған.

Министрлік салық төлеушілердің шағымдарын қарау жүйесін жеңілдетпек. Қазіргі уақытта жыл сайын 300-ден астам шағым қаралады. Даулы істердің 40 пайызға жуығы бизнестің пайдасына шешіледі.

Ержан Біржанов алдағы уақытта Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, мәселелерді сотқа жеткізбей, министрлік деңгейінде шешу тетіктерін күшейтетінін айтты.
Вице-министр камералдық бақылаудың (қашықтан тексеру) толықтай автоматтандырылғанын баса айтты. Енді «қолмен» тексеру деген жоқ. Бақылау тек күмәнді немесе тым ірі сатып алу кезінде ғана іске қосылады, ал қарапайым тұрмыстық шығындар тексерілмейді.

Дегенмен, салықтық шегерімдерге қатысты мәселе әлі де ашық қалып отыр. Әсіресе, құрылыс компаниялары мердігерлермен жұмыс істеудегі шектеулер пәтер бағасының өсуіне әкелуі мүмкін деп қауіптенеді. Қаржы министрлігі бұл мәселені арнайы жобалық кеңсе аясында талқылап жатқанын жеткізді.

"Қазірдің өзінде он шақты отырыс өтті. Түрлі мәселе, соның ішінде шегерімдер, жеңілдіктерді қолдану және бейрезиденттерге салық салу мәселелері қарастырылып жатыр. Түзетулер пакеті дайындалып жатыр, оның бір бөлігі таныстырылды", - деді вице-министр.

Вице-министр қолданыстағы заң талаптары баршаға бірдей екенін еске салды. Ал дау тудырған салықтық шегерімдер мәселесіне қатысты нүкте әлі қойылған жоқ. Түпкілікті шешім құқық қолдану тәжірибесі мен депутаттардың ұсыныстары ескерілгеннен кейін ғана қабылданады.