Еліміздегі ең ірі алтын өндіруші компаниялардың бірі — «Алтыналмас» АҚ толығымен сатылды. Кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліпке тиесілі Central Asia Resources Holding Ltd.холдингі компанияның 100% акциясын иелену туралы келісімшартқа қол қойды деп хабарлайды Juzmedia.kz. компания дерегіне сүйеніп.
Бұл жай ғана сатып алу емес, алтын алыбының барлық еншілес кәсіпорындары мен активтерінің жаңа қолға өтуі. Қазіргі таңда компанияның 9 акционері бар, оның ішінде ең ірі үлес нидерландылық Gouden Reserves B.V. (66,39%) компаниясына тиесілі. Жаңа инвестор барлық акционерлердің үлесін түгел сатып алып, компанияны толық бақылауына алмақ.
Шахмұрат Мүтәліптің өкілдері бұл қадамды стратегиялық маңызы бар шешім деп атады. Жаңа қожайын: өндіріс көлемін сақтап, басқару жүйесін жетілдіруге, кен орындары орналасқан аймақтардағы әлеуметтік міндеттемелерді толық орындауға уәде беріп отыр.
Шахмұрат Мүтәліп деген кім?
Ол — белгілі кәсіпкер, Integra Construction KZ құрылыс фирмасының иесі. Биылғы жылдың қаңтарында АХҚО-да тіркелген жаңа холдингі арқылы Орталық Азияның шикізат нарығына нық қадам басып жатыр.
Қоса кетерлігі, кәсіпкердің амбициясы тек алтынмен шектелмейді. Оның алдағы уақытта «Қазмырыш» пен ERG сияқты өндіріс алпауыттарының үлестерін сатып алуға ниеті бар екені айтылған.
«Алтыналмас» АҚ – Қазақстандағы алтын өндіру бойынша үздік үштікке кіретін кәсіпорын. 1993 жылы құрылған компания Жамбыл, Қарағанды, Ақмола, Павлодар және Абай облыстарындағы кен орындарын игеріп, геологиялық барлаудан бастап дайын алтын қорытпасын шығаруға дейінгі толық циклді қамтамасыз етеді.