Ұлыбритания үкіметі Қазақстан мұнайын Ресей аумағы арқылы тасымалдауға қатысты арнайы лицензия жариялады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Бұл құжат санкциялық шектеулерге қарамастан, қазақстандық шикізаттың әлемдік нарыққа кедергісіз шығуына жол ашады.
Нақты неге рұқсат берілді?
Енді қазақстандық мұнайды сатып алуға, тасымалдауға және ол үшін төлем жасауға ресми түрде рұқсат бар. Тіпті мұнай Ресейдің инфрақұрылымы арқылы өтсе де, ол санкцияға ілікпейді.
Басты талаптар:
Ресейлік «Транснефть» компаниясы санкция тізімінде болса да, Ұлыбритания бұл жолы ерекше жағдай жасады. Қазақ мұнайын айдауға қатысты операциялар үшін аталған компаниямен жұмыс істеуге болады. Британиялық банктерге осы мәмілелер бойынша төлемдерді өткізуге рұқсат берілді.
Біздің экспорттық мұнайдың басым бөлігі Ресей құбырлары арқылы өтеді. Бұл лицензия болмаса, халықаралық банктер мен компаниялар «санкциядан қорқып», қазақ мұнайынан бас тартуы мүмкін еді. Жаңа құжат бұл тәуекелді толық жойды.
Лицензия 2026 жылдың 19 наурызынан бастап күшіне енді және 2028 жылдың 18 наурызына дейін жарамды.