Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары, Өскемен қаласының бұрынғы әкімі Жақсылық Омар сотта өзіне тағылған айыптарды толық мойындады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Прокурор істі екіге бөліп қарастырды Біріншісі – ол Өскемен әкімі болып тұрған кездегі жағдай.
Тергеудің айтуынша, бір адамға «қаладағы бір кәсіпорыннан көмек ретінде көлік сұрап ал» деп тапсырма берілген. Ол адам өтініш жазып, 2021 жылғы Toyota Camry 75 алған. Сосын көлікті әкімдікке апарып, кілтін тапсырып кеткен. Өзінің айтуынша, содан кейін ол көлікті қайта көрмеген.
Кейін бұл көлік басқа адамның атына рәсімделіп, ескі көлікті жаңасына айырбастау бағдарламасы арқылы жаңа модельге ауыстырылған. Тергеу нұсқасы бойынша, сол жаңа көлікті айыпталушы пайдаланған. Осылайша бастапқы көлікті алған адамға 13 миллион теңге көлемінде шығын келген. Бірақ сотта ол адам шығын толық өтелгенін айтып, ешқандай талабы жоқ екенін жеткізді.
Екінші жағдай бөлек. Мұнда Жақсылық Омар әкімдік қызметкерінен 20 миллион теңге сұраған. Тергеу мұны пара деп есептейді. Әлгі қызметкер қауіпсіздік органдарына барып, олардың бақылауымен 6 миллион теңгені берген. Ұстау кезінде айыпталушының жанынан тағы 5,6 миллион теңге табылған.
Келесі сот отырысы 26 наурызға белгіленген.