Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Ораза айт мерекесімен құттықтап, бұл күннің мұсылман қауымы үшін рухани маңызы зор екенін атап өтті, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Президент өз құттықтауында Ораза айттың адамды рухани тазаруға, сабыр мен қанағатқа, өзара сыйластық пен жанашырлыққа үндейтінін айтты. Оның сөзінше, отыз күн ораза ұстаған жандар иманын күшейтіп, төзімін шыңдап, айналасына қамқорлық танытады. Сондай-ақ бұл кезеңде мұқтаж жандарға қол ұшын созу, игі істер жасау кеңінен дәріптеледі.
Биыл Ораза айт мейрамы Наурыз мерекесімен қатар келіп, ел дамуындағы жаңа тарихи кезеңнің жаршысына айналды. Мұның символдық мәні зор.
Қазақстан халқы Жаңа Ата заңды қабылдап, жарқын болашаққа, Әділеттілік пен Өркендеуге бастайтын жолды таңдады. Конституциялық реформаны жаппай қолдау арқылы ұлт тарихының жаңа парағын ашты.
Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке, толайым табыс тілеймін!
Еліміз аман, жеріміз тыныш болсын!
Ораза айт қабыл болсын!», - делінген құттықтауда.