homepage
Фото: ашық дереккөзден

Қажылыққа апарамын деп алдаған күдікті ұсталды

19.03.2026, 16:45

Астаналық тұрғын Меккеге қажылық сапар ұйымдастырып беремін деп, 13 адамның ақшасын алаяқтық жолмен иемденген, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Туристік компанияның 27 жастағы қызметкері виза рәсімдеу және әуе билеттерін брондау қызметтерін сылтау етіп, азаматтардан алдын ала төлем жинаған. Алайда ол уәде етілген сапарды ұйымдастырмаған.

Polisia.kz мәліметінше, қазіргі уақытта алаяқтықтың 13 эпизоды анықталып, сотқа дейінгі тергеу басталды. Келтірілген жалпы материалдық шығын көлемі 2,2 млн теңге. Тәртіп сақшылары зардап шеккендер саны артуы мүмкін екенін және күдіктінің басқа да қылмыстарға қатысы тексеріліп жатқанын хабарлады.

«Полиция азаматтарға туристік қызметтерді рәсімдеу кезінде компанияның лицензиясын, келісімшарт талаптарын және төлем құжаттарын мұқият тексеруді ескертеді. Тек ресми тіркелген туроператорларға жүгінген жөн», – делінген  мекеме  хабарламасында.

Айта кетейік, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) қажылыққа аттанушылар үшін Qajy Guide атты жаңа цифрлық қосымшаны іске қосты. Бұл — қажылық пен ұмра сапарына баратын жандарға арналған тегін әрі ресми көмекші платформа. Қосымша арқылы сапарға қажетті барлық ақпаратты бір жерден алуға болады.