homepage
Фото: ChatGPT арқылы жасалды

Екібастұзда әкімдік қызметкерлері бәс тігіп жүр

19.03.2026, 15:38

Екібастұз прокуратурасы әкімдік қызметкерлерінің қызмет әдебін бұзғанын анықтады. Заңмен тыйым салынғанына қарамастан, кейбір шенеуніктер букмекерлік кеңселерде есепшот ашып, бәс тігіп жүрген, деп хабарлайды Juzmedia.kz. 

Мысалы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі сектор меңгерушісінің жеке шоты арқылы 6,8 миллион теңге айналым өткен. Осындай деректер ауыл әкімі, тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары және әкімдіктің тағы жеті қызметкерінен табылған.

Оқиғаға байланысты қызметтік тексеріс жүргізіліп, материалдар Павлодар облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері департаментінің әдеп кеңесіне жолданды.

«Мемлекеттік қызметкерлердің тәртібі мен әдеп талаптарын бақылау әлсіз болғаны үшін қала әкімдігі аппаратының жауапты басшысы тәртіптік жауапқа тартылды», — деп хабарлады қадағалаушы орган.

Бұған дейін Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлердің есірткі қолдануы оларды жұмыстан шығаруға негіз бола алатыны айтылған еді. Бұл норма Мәжіліс бірінші оқылымда мақұлдаған мемлекеттік қызмет туралы заң жобасына енгізілген.