Елордада Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты сот процесі жалғасып жатыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Кезекті отырысқа танымал блогерлер Дархан Жолшыбеков пен Justking атымен танымал Нұрбек Нұртаза да шақырылды. Олар куәгер ретінде қарастырылып отыр. Төлегенованың айтуынша, бұл блогерлер де сол кезеңде интернет арқылы түрлі ұтыс ойындарын өткізген.
Алғашында оларды Алматыдан бейнебайланыс арқылы қатыстыру жоспарланған. Айыпталушылардың адвокаты Гаухар Айтжанова онлайн қатысуға қарсы шығып, куәгерлерден сот залында жауап алуды талап етті. Кейін Дархан Жолшыбековтің сырқатына байланысты медициналық анықтама ұсынғаны белгілі болды. Соған қарамастан, қорғаушы тарап оның келуін күтуге дайын екенін айтты. Сондай-ақ оларды сотқа күштеп жеткізу мәселесі де қаралған.
“Астана мен Алматы арасында жарты сағат сайын рейс бар. Кешке пойызға отырса, таңертең Астанада болады. Мен олардың аурухана парақтарына күмәнмен қараймын. Қалайша бәрі бірдей ауырып қалды? Олардың жазылғанын күтейік. Алда мереке күндері бар — тұтас бір апта. Біз ол азаматтардың сауығып кеткенін күтеміз”, — деді ол.
Істі қарап жатқан судья Әділбек Баймаханов өтінішхатты қабылдап, қаулы шығарды. Осылайша блогерлер сотқа күштеп жеткізіледі. Бұған Астана қаласының прокуратурасы жауапты болады.
Жанабыловтарға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 218-бабы бойынша – заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру немесе заңсыз лотерея өткізу, оған қоса қаражатты заңдастыру күдігімен айып тағылған. Бұл іс аса ауыр санатқа жатады. Аталған бап бойынша 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.