2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда автонесие беру көлемі күрт өсіп, ипотекамен бір деңгейге жетті, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Қаржыгерлер қауымдастығының дерегіне сәйкес, қазақстандықтар бір жылда 2,4 триллион теңгеге автонесие рәсімдеген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 30 пайызға көп. Автонесиелер бөлшек несие нарығына елеулі әсер ете бастады: олардың үлесі 9,4 пайыздан 13,2 пайызға дейін өсті, ал жалпы несие қоржынында 13,7 пайыздан 16,2 пайызға жетті.
Бұл көліктерді қолма-қол ақшаға емес, көбіне несиеге сатып алу үрдісі күшейгенін көрсетеді. Соған қарамастан, несиелердің сапасы тұрақты деңгейде қалды. Кешіктірілген төлемдер үлесі 2,8 пайыздан 2,7 пайызға дейін аздап төмендеген. Қаржы ұйымдары автонесие беруде әлі де сақтық танытып, тәуекелді бақылауда ұстап отыр.
Алайда 2025 жылдың соңына қарай нарық баяулай бастады. Автонесие мөлшерлемелері 14,6 пайыздан 22,9 пайызға дейін өсті. Бұл банктер үшін қаржы құнының қымбаттауымен және жеңілдетілген бағдарламалардың аяқталуымен байланысты. Соның әсерінен несие беру қарқыны төмендей бастаған.
Сарапшылардың пікірінше, нарық енді қарқынды өсім кезеңінен шығып, тұрақты даму кезеңіне өтеді. Алдағы уақытта негізгі әсер ететін факторлар — халық табысы, көлік бағасы және несие мөлшерлемелері болмақ.