Жетісу облысының Ақсу ауданында 62 жастағы ер адам өз ұлдарынан көрген зорлық-зомбылық туралы айтып, көмек сұрады. Полиция олардың кінәсін дәлелдеп, екеуін де қамауға алған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Зардап шеккен әкенің айтуынша, 31 және 34 жастағы екі ұлы одан үнемі ақша талап етіп, бермеген жағдайда соққыға жыққан. Қыста болған жанжалдың бірінде ұлдары оны ауыл шетіне апарып, ұрып-соғып, жыртылған киіммен далаға тастап кеткен. Ер адам әрең үйіне жетіп, бір айға жуық ауырып жатқан.
Ол 2013 жылы Қытайдан Қазақстанға қоныс аударған. Қазір ауылда аяқ киім жөндеумен айналысады. Айтуынша, ұлдары тек ұрып-соғумен шектелмей, шеберханасын қиратып, құралдарын, ақшасын, телефоны мен құжаттарын тартып алған. Ер адам бірнеше рет полицияға жүгінген, бірақ ұлдары қысқа мерзімге ғана жауапкершілікке тартылып, қайтадан қысым көрсетуді жалғастырған.
Бұған дейінгі жанжалдардың бірінде үшінші ұлы әкесін қорғаймын пышақ жарақатын алған. Ал ақпан айында болған оқиғада екі ұлы әкесін тұншықтырып, ұрып жатқан кезде көршісі араласқан. Қазір жәбірленуші жоғалған құжаттарын қалпына келтіру үшін де полициядан көмек сұрап отыр.
Полиция мәліметінше, екі күдікті сот үкімімен кінәлі деп танылып, әрқайсысы қамауға алынған. Сондай-ақ сот олардың әкесіне жақындауға тыйым салған. Бостандыққа шыққаннан кейін олар профилактикалық есепке алынбақ.
Бұл жағдай әлеуметтік желіде кең талқыланып, қоғамда үлкен резонанс тудырды. Көпшілік ата-анаға құрмет қазақ қоғамының негізгі құндылықтарының бірі екенін еске салып, мұндай оқиғаларға қатаң шара қолдану қажеттігін айтып жатыр.