homepage
Фото: ашық дереккөзден

Несиені 1 ай кешіктіргендер енді кредит ала алмайды

18.03.2026, 16:37

2026 жылғы 19 наурыздан бастап Қазақстанда тұтынушылық несие беру талаптары қатаңдайды. Өзгеріс «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» жаңа заң аясында жүзеге асырылып отыр. Жаңа ережелерге сәйкес, берешегін 30 күннен астам уақыт төлемеген азаматтарға жаңа несие берілмейді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Бұған дейін бұл шектеу 90 күн болған. Енді кез келген қарызы бойынша бір ай кешіктірген адам жаңа несие ала алмайды. Бірақ бұл талап қолданыстағы несиені қайта қаржыландыруға әсер етпейді.

Жаңа өзгерістердің бірі – қауіпсіздік талаптарының күшеюі. Енді онлайн немесе кепілсіз несие алу үшін міндетті түрде биометриялық тексеруден өту керек. Бұл интернет-алаяқтықтың алдын алу үшін енгізіліп отыр.

Ал бұрын несие алмаған азаматтар үшін бөлек талап бар. Егер олар 150 айлық есептік көрсеткіштен (шамамен 650 мың теңгеден) жоғары несие алғысы келсе, банкке өзі баруға тиіс. Сол жерде биометриялық тексеру жүргізіліп, жазбаша келісімі алынады. Ал бұл сомадан аз болса, қашықтан рәсімдеуге болады.

Сонымен қатар банктердің жауапкершілігі де күшейеді. Егер алаяқтық жағдай анықталса, банк бір күн ішінде клиентке хабарлап, екі күнде заңсыз әрекетті тоқтатып, он күн ішінде салдарын жоюға міндетті.

Бұл өзгерістер халықтың артық қарызға батуын шектеу және қаржы операцияларының қауіпсіздігін арттыру үшін енгізіліп отыр.